Қазақстандағы жер митиңіне қатысты 10 факт

Оған не түрткі болды


04/02/2021
10:28 7260 0

Фото: caa-network.org

 

2016 жылы Қазақстанның барлық аймағында Жер митиңі деп аталып кеткен жаппай наразылық болды. Адамдар неге наразы болды, митиң қандай нәтиже берді? Осы оқиға туралы 10 факт жинадық.

 

1. 2015 жылдың аяғында шенеуніктер Жер кодексіне өзгертулер енгізді. Ол өзгертулер бойынша ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ұзақ мерзімге жалға беруге рұқсат етілді. Жерді 25 жылға дейін Қазақстан азаматтарынан басқа шетелдікдер те жалға ала алатын еді. 

 

2. Көптеген адам бұған, әсіресе жерді Қытай азаматтарының жалға алуына қарсы болды: олар Қазақстан осылай өз жерін уысынан шығарып алады деп қорықты. 

 

3. 2016 жылғы наурыздың аяғында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап 1,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін аукционға салатынын хабарлады. Сәуірде наразы халық көшеге шықты. 

 

Митиң Атырау, Ақтөбе және Семейде өтті. Әртүрлі дерек бойынша оған 2 мыңға жуық адам жиналған. Бұл Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі ең үлкен наразылық акциясы болды.  

 

4. 21 мамырда Жер кодексін өзгертуге қарсы белсенділер жалпыұлттық митиң мен демонстрацияға шығатынын жариялады. Митиң қарсаңында полиция 20 адамды, соның ішінде азаматтық белсенділер Макс Боқаев және Талғат Аянды ұстап әкетіп, 15 күнге қамады.

 

Макс Боқаев пен Талғат Аян. Фото: azh.kz 

 

5. Қамақта отырған Боқаев пен Аянның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оларға бейбіт жиналыс туралы заңды бұзды, әлеуметтегі араздықты қоздырды, жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылды. 2016 жылғы қарашада сот екеуін де бес жылға бас бостандығынан айырды. 

 

Екі белсенді де тағылған айыптарды мойындамады, билік өздерін азаматтық белсенділігі үшін қуадалап отыр деді. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстаннан бірнеше рет Боқаев пен Аянды босатуын талап етті.  

 

6. Талғат Аян 2018 жылы түрмеден шықты. Ол жазасын бас бостандығын шектеуге алмастыру туралы өтініш жазды.

 

Ал Макс Боқаев 4 ақпанда шықты. Боқаев бұрын өзін ерте босатуын сұрамаймын деген. 

 

7.  2016 жылдың 20–21 мамыры Қазақстанның барлық аймағында интернет сапасы нашарлап, әлеуметтік желі мен мессенжерлер істемеді. Көпшілік мұны жер митиңіне байланысты дегенмен билік «бұғаттауды» «техникалық ақау» деп түсіндірді. 

 

8. Мамырдың басында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиға туралы өз пікірін берді: 

 

«Қазақстандықтар Украинадағы жағдай қайталанғанын қаламайды, мен мұны білемін. Соны (жанжалды) бізге әкелгісі келетіндерге айтатыным — біз ең қатаң шаралар қолданамыз, ескертпеді демеңіздер». 

 

9. «Еуразия» Бірінші каналы жерге қатысты наразылық туралы сюжетінде «заңсыз жиындар әдейі тапсырыс арқылы жасалғанын» «әшкереледі». 

 

Видеода қолы мен аяғы ғана көрсетілген адамдар жүздолларлық ақшаны санап жатты.  

 

Кейін видео фейк болып шықты. 

 

 

10. Назарбаев Жер кодексіне өзгерту енгізуге 2021 жылдың соңына дейін тыйым салды. 2020 жылғы шілдеде Тоқаев: 

 

«2021 жылы Жер кодексінің кейбір тармағына қатысты мораторий жойылады. Осы мәселеге байланысты біз нақты шешім шығаруымыз керек. Бірақ нақты ұйғарғанымыз мынау —  жер шетелдіктерге сатылмайды. Біз бұл мәселені қайта қарастырмаймыз».

Поделиться

Нет комментариев.

04/02/2021 10:28
7260 0

Уведомление